Қоғамдық кеңес отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов «Жас өркен» шағын ауданындағы емхананың құрылысын жалғастыру үшін тағы 2 млрд теңге қажет екенін айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыста медицина саласында шұғыл шешімді талап ететін бірқатар проблемалардың бары жасырын емес. Нұрлан Аймановтың айтуынша, өңірде медициналық техникамен жабдықтау көрсеткіші төмен , қазіргі күні 60 пайызды ғана құрайды.
— Кешенді жоспардың арқасында облыста медициналық техникамен жабдықталу пайызы өсті. Көрсеткіш 49,5% — дан 60% — ға дейін көтерілген. Кешенді жоспар осы қарқында жүзеге асырыла берсе, 2025 жылға қарай медициналық техникамен жабдықталу пайызы одан әрі артады деген үмітіміз бар, — деді Нұрлан Айманов.
«Жас өркен» шағын ауданындағы емхананың құрылысы да бүгінде өзекті.
— «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы өз мәресіне жетті. Сондықтан биыл «Жас өркендегі» емхананың құрылысы тоқтады. Жұмысты жалғастыру үшін республикалық бюджеттен 1 917 857 мың теңге қаражат керек,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.