Өткен апта солтүстікқазақстандық құтқарушыларға оңайға соққан жоқ. Төтенше жағдайлар департаментіне күн сайын қураған шөп пен қамыстың өртенгені туралы хабар түсіп жатты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Марат Сыздықовтың айтуынша, бір апта ішінде облыста 36 өрт оқиғасы тіркелді. Сонымен қатар, 205 рет құрғақ қамыс пен қураған шөп жанды.
— Қамыс арасындағы өртті сөндіруге жолдардың болмауы біраз кедергі келтірді. Әрі апат көбінесе батпақты жерлерде болғандықтан, техникалар жалын шарпыған аумаққа жақындай алмады. Сондықтан тілсіз жауды алыстан, бүріккіштердің көмегімен сөндірдік. Ол күндері жел де күшейіп, от тез тарап кетті,-деді Марат Сыздықов.
Осыған орай жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарды қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Атап айтсақ, тұрмыстық қалдықтарды, құрғақ шөпті, үй маңында бұтақтарды өртеуге болмайды. Орманда от жағуға тыйым салынған.
Фото: ашық дереккөздерден