Петропавлдағы №2 арнайы мектеп-интернатында «AMANAT» партиясының бастамасымен ұлттық спорт түрлерінен мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Тең мүмкіндіктер әлемі» атты жарыс өтті. Іс-шара «Бақытты отбасы», «Кедергісіз болашақ» және «Ұлттық мұра» партиялық жобалары аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясының 1 наурыздағы съезінде партиялық жарналардың 20 пайызын қайтару және бастауыш партия бірлестіктерін қолдау туралы шешім қабылданған еді. Енді бастауыш партия бірлестіктері бұл қаражатты көмекке мұқтаж жандарға жұмсауға құқылы.
Петропавлдағы «Денсаулық» бастауыш партия ұйымы алғашқылардың бірі болып, қайтарылған қаржы есебінен «Тең мүмкіндіктер әлемі» атты жарысты өткізуді қолға алды.
– Бұрын қосымша қаражат іздеуге тура келетін. Енді осы бастаманың арқасында бастауыш партия ұйымы қайтарылған қаржыны өз қажеттіліктеріне жұмсай алады. Алдағы уақытта кеңсені, имидждік өнімдерді жаңартуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қайтарылған қаражатқа партия ардагерлеріне құрмет көрсету жоспарда бар, – дейді «Денсаулық» бастауыш партия ұйымының төрайымы Дина Әшімова.
Спорттық шарада оқушылар асық ату, бес асық, арқан тарту сынды ойын түрлерінен бақ сынады. Топ жарғандарға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметінен