Жуырда облыстағы 2 көлде балық қырылды. Экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мөңкенің 1,5 центнерге жуық өлекселері табылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қызылжар ауданы Пресновка ауылының маңындағы Пруд көлінде 150 кг балық қырылды. Екінші факті Айыртау ауданы Арықбалық ауылының маңындағы Логовое көлінде тіркеліп отыр. Екеуі де су айдындарының резервтік қорында орналасқан.
— Облыстық экология департаменті, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, СҚО әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, Қызылжар ауданының ветеринариялық қызметінің мамандарынан құралған топ балықтардың қырылу себебін анықтау үшін оқиға орнына аттанды.Зертханалық талдау жүргізу мақсатында көлге тексеру жүргізілді, су сынамалары мен өлі балықтың қаңқасы алынды,-деп хабарлады баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, осы аптада өңірде екі рет балық қырылды. Біреуі Бугровое көлінде, екіншісі Шағалалы өзенінде тіркелді.
Фото: ашық дереккөздерден