Шал ақын ауданындағы Ольгинка және Сухорабовка ауылдарында бірнеше құдықтағы су радиоактивті болып шықты. Санитарлық дәрігерлер ауыл тұрғындарына пайдалануға тыйым салды. Бірақ басқа алатын жері болмағандықтан, жергілікті тұрғындар мал мен бақша суаруға осы құдықтардан су алып отыр. Елді мекеннің жанынан магистраль өтсе де, жергілікті биліктің қауқарсыздығынан қосылу мүмкін болмай отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
300-ге жуық тұрғыны бар Ольгинка ауылында тереңнен су тартатын құдық бар, бірақ ол барлығына жетпейді. Ал көрші Сухорабовка ауылындағы халық саны Ольгинкадан үш есе көп. Елді мекендегі 10 құдықтың алтауы жабық.
-Жер асты және жер үсті суларының радиациялық көрсеткіштеріне мониторинг жүргізіледі. Ольгинка және Сухорабовка ауылдарында радиациялық қауіпсіздік коэффициенті 1-ден асатын қоғамдық ұңғымалар мен құдықтар бар. Ең терең тұсынан алынған суды зерттеу керек», – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бөлім басшысы Гүлнәр Жақсылықова.
«AMANAT» партиясының өкілдері Ольгинка мен Сухорабовка ауылдарына барып, тұрғындармен кездесті, жергілікті биліктің есептері мен жобаларын зерттеді. Партия өкілдерінің айтуынша, Қаржы министрлігі мен су ресурстары комитеті уақытылы ақша бөлмегендіктен, аталмыш ауылдар орталық желіге қосылмаған.