СҚО-ның санитар дәрігерлері 926 өнім түрін қауіпсіздік стандарттарына тексерді. Нәтижесінде, 160 — сы талапқа сай келмеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Зерттеуден өтпеген тауарлардың 78% — ы өнімдерді таңбалауға, 6%-ы — физикалық — химиялық көрсеткіштерге, 3% — ы — микробиологиялық, санитариялық-химиялық және қауіпсіздік көрсеткіштеріне сай келмесе, 5% — ы — тұтынушыларды алдаған.
-Зерттеу нәтижелері бойынша талапқа сәйкес келмейтін өнімдердің басым көпшілігі, яғни 57% — дан астамы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің, 30% — ы өзге елдердің, 12% — ы отандық өндірушілердің шығарғаны, — деп мәлімдеді санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бөлім басшысы Данияр Оспанов.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін өнімдерді сатушыларға олқылықтардың орнын толтыру үшін 34 нұсқама берілді. Анықталған фактіде қауіпті өнім бойынша орта кәсіпкерлік субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Осы баптың санкциясы орта кәсіпкерлік субъектілеріне 310 АЕК (шамамен 950 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салуды көздейді. Кәсіпкерге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Санитарлық дәрігерлер өнімнің қауіпсіздігін бақылауды ай сайын жүргізеді.
Фото: ашық дереккөздерден