Петропавлда ауыр жүк көлігі 2 жылқы мен 6 қойды басып кетті. Оқиға 26- сәуір күні кешкі сағат жетілер шамасында болған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қала сыртындағы айналма жолдың Лесхоз кентіне бұрылысы маңында табыннан бөлінген мал жолға шығып кеткен. Өкінішке қарай, жүйткіп келе жатқан «КамАЗ»-дың астына түсіп, мерт болды.
Аталған фактіге қатысты полицейлер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша әкімшілік материал жинады.
— Жыл басынан бері облыста жануарлардың қатысуымен 4 жол апаты орын алды. Ескертетін жол белгілері, жануарлардың макеттері орналасқан жерлерде жылдамдықты азайтып, барынша сақ болған абзал. Сонымен қатар, малдарды қараусыз қалдырмаған жөн,-дейді облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.