Петропавл қалалық соты «Севказэнергосбыт» ЖШС-ның жылу шығындары үшін төлем алу әрекетін заңсыз деп таныды. Сондықтан компания өкілдерін энергия есептеу құралдары бар тұтынушылардың жылу шығындарын қайта есептеуге міндеттеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Былтырғы жылдың соңында табиғи монополияларды реттеу агенттігінің өкілдері монополист компанияның үстінен арызданып, сотқа жүгінген еді. «СевКазЭнергосбыт» компаниясы бірнеше жыл бойы шамамен 850 абоненттен заңсыз ақша өндіріп алып отырған. Жеке секторда тұратын тұрғындардың кейбіріне тіпті 70 мың теңге төлеу туралы түбіртек келіп отырған.
– Сот департаменттің шағымын ішінара қанағаттандырды. Яғни «Севказэнергосбыт» компаниясының жылу шығындары үшін төлемдер қабылдау әрекетін заңсыз деп таныды. Серіктестік 2020-2021 жылдары аралығындағы жылу шығыны деп ақша алып келген. Сот шешімі бір айдан кейін заңды күшіне енетін болады,-деді СҚО Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Алуа Қожахметова.
Фото ашық дереккөздерден.