Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры СҚО-да журналистерді сауда-ойын сауық орталығынан күштеп шығарып жіберген күзетшілерге қатысты қылмыстық іс қайта басталғанын хабарлады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Қылмыстық істі қарастыру барысында негізсіз шешім қабылданғаны анықталды. Журналистерге және «Хабар» агенттігінің операторына келтірілген моральдық және материалдық залалды ескере отыра, іс бойынша анықталған адамдарды күдікті ретінде тану туралы қаулы шығарсын. Мән-жайдың анық-қанығына көз жеткізу үшін олардан жауап алу қажет. Сондай — ақ, олардың қолда бар дәлелдерге сүйеніп, күдіктілердің әрекетін саралау туралы қаулы шығарылсын және істі сотқа жолдай отырып, түпкілікті процессуалдық шешім қабылдансын, — делінген СҚО прокуратурасының қаулысында.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 2 тамызында «Достық Молл» сауда орталығының күзетшілері «Хабар 24» телеарнасы тілшілер қосынының түсірілім тобы «Ashyq» жобасының жұмысы жайлы материал әзірлемек болған кезде, журналистерді ғимараттан күштеп шығарып жіберген. Осыдан кейін түсірілім тобы полицияға арызданды. Аталған жағдайға қатысты 4 рет іс қозғалып, бәрі жабылған.
Фото: ашық дереккөзден