Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік парақшаларында әріптестерімен бірге жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бойынша кейбір мәселелерді талқылағанын туралы жазды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Жиналыста докторанттарға Қазақстан тарихы, қазақ философиясы, қазақ тілі мен әдебиеті сияқты гуманитарлық бейіндегі бірқатар бағыттың ерекшелігін ескере отырып, қолданыстағы талаптарға (WоS және Scopus тізбесіне кіретін басылымдарда мақалалар жариялау) бірнеше балама нұсқаларды қосу ұсынылды. Атап айтқанда, КОКСОН тізіміне енгізілген журналдарда 5 мақала және ғылыми конференциялардан 2 материал, сенімді баспаларда монография шығару (Elsevier, Brill, CRC Press, DeGruyter, Edward Elgar Publishing, Springer Nature және басқалары). Сондай-ақ, US News Best Global Universities Rankings, Academic Ranking of World Universities немесе Times Higher Education World University рейтингінің топ-100 құрамына кіретін университеттерде ізденістері жарық көруі тиіс,- делінген министрдің парақшасында.
Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап докторантураға түсу кезінде үміткерлерге өздерінің болашақ диссертациясының ғылыми негіздемесін (research proposal) жасау ұсынылды.
— Бұған дейін біз докторанттардың «Академиялық хат», «Ғылыми зерттеу әдістері» пәндерін міндетті түрде оқуын енгіздік. Бұл құзыреттер кез келген докторантқа ғылыми зерттеулерді өз бетінше орындау үшін қажет. Осы пәндерді меңгеру үшін біліктілік емтиханын өткізу ұсынылады. Бір ғылыми жетекшіге 15 докторант, кейін біріншісі қорғаудан өте алмағанның өзінде тағы бесеуін бекіту тәжірибесі дұрыс емес. Бүгінгі таңда ғылыми жетекшілер көп жағдайда докторанттармен жұмыс істеуге жеткілікті көңіл мен уақыт бөлмейді. Бұл мәселені шешу үшін жүйелі шаралар қажет, — деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Жоғарыда аталған ұсыныстарға қатысты қосымша сараптама мен талқылау өткізілгеннен кейін нақты шешім қабылданады.