Әлеуметтік желілерде Петропавлдағы «Мәңгілік алаудың» жанына сыра бөтелкелері, пластик құтылар мен темеке тұқылы үйіліп қалған суреттер пайда болды. Қалалық ТҮКШ бөлімінде мемориалдың күтіміне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
2-ші мамыр күні Петропавлда кезекті жалпықалалық сенбілік өткенімен, «Мәңгілік алауға» ешкім көңіл бөлмеген секілді. Мемориалдың жағдайына алаңдаған азаматтар осы мәселені көтеріп, көпшіліктің назарын аударды. Әлеуметтік желілерде суреттер тез тарап, қолданушыларыдң ашу-ызасын тудырды.
— «Мәңгілік алауды» санитарлық тазалау жұмыстары екі апта сайын, сондай — ақ қоқыстануына қарай жүргізіледі. Біз өз тарапымыздан қалалықтарды мемориалдың жанын ластамауға шақырамыз, — деді ТҮКШ өкілдері.
Петропавлда Жеңістің 77 жылдық мерейтойына орай ҰОС-ға арналған 22 нысанды жөндеу және қалпына келтіру жоспарланып отыр. Айта кетейік, «Мәңгілік алау» мемориалдық кешенінде аталған жұмыстар аяқталды.
Фото ашық дереккөздерден.