СҚО-да наурыз айынан бері 98 адамды кене шақты. Бұл көрсеткіш алдыңғы 2 аптамен салыстырғанда 16 есеге көп, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 жасқа дейінгі 32 баланы кене шаққан.
— Әдетте кене шөп пен бұтаның арасына жасырынады. Одан жоғары көтерілмейді. Көп жағдайда адамның аяғына жабысып мініп, үстіне қарай өрмелейді. Зиянды жәндік адамды бірден шақпай, баяу қимылдап, қолайлы жер іздейді. Қансорғыштан жапа шеккен жағдайда бірден дәрігер көмегіне жүгінген абзал. Өз бетінше әрекет етпеген жөн,-дейді баспасөз қызметі.
Бүгіндері Петропавлда адамдар көп шоғырланатын демалыс орындарында маса мен кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары жүріп жатыр.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев