Есіл ауданына қарасты Покровка ауылында World Skills стандарттарына сәйкес «Аgroskills-2022» өңірлік чемпионаты өтті. Шараға ауыл шаруашылығын механикалындыру мамандығында білім алып жатқан 40-қа жуық студент қатысып, ұйымдастырушылардың дайындаған тапсырмаларын орындап, өзара тәжірибе алмасты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Атап айтсақ, жиналғандар Johndir тракторын жүргізіп, техниканың көмегімен жер жыртуды, егін сепкіштерде тұқымның тереңдігін, гектарына себілетін нормасын дұрыс есептеп, анықтаудан жарысты. Петровка агро-техникалық колледжінің 2-ші курс студенті Захар Лупик тұқым сеуіп, егін жинаудың қыр-сырын жетік меңгерген.
-Әкем егіншілікпен айналысады.Бала кезімнен алқапта жұмыс істегендіктен, ауыл шаруашылығы жаныма жақын. Алғаш рет тракторға 16 жасымда отырдым. Жер жыртудың қыр-сырын әкемнен үйрендім. Бүгінгі тапсырмалармен жақсы таныспын,-дейді Петровка агро-техникалық колледжінің студенті Захар Лупик.
«Аgroskills-2022» өңірлік чемпионатын өткізудегі басты мақсат – жастардың ауыл шаруашылығына деген қызығушылығын арттырып, білікті мамандардың санын көбейту.
-Чемпионат World Skills стандарттарына сай өткізілді. Яғни, қатысушылар ауыл шаруашылығы саласына қажетті техникаларды басқарып, қандай талаптарды ескеру керектігіне назар аударды. Жалпы, жастардың ауыл шаруашылығына деген қызығушылығы жылдан жылға артып келеді,-дейді Жәлел Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Бейімбет Бұғасов.
Сайыста үздік атанғандар алғыс хаттармен және кубоктармен марапатталды.