Петропавлда неліктен қолайсыз метеожағдайлар қалыптасады

Авторы: Qyzyljar News

4 мамырда Петропавлда атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғарылады. «Қазгидромет» РМК СҚО бойынша филиалының директоры Қымбат Мірғалымова мұның себебін түсіндіріп, экологиялық проблеманың адамдарға әсерін айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Атмосфералық ауа ластанған кезде ауаның құрамы мен қасиеті өзгереді. Салдарынан, адам ағзасына, жануарлар мен өсімдіктерге айтарлықтай зиян келеді. «Қазгидромет» РМК өкілдерінің мәліметінше, Қазақстанда өндіріс ошақтары, тоқтаусыз ағылып жатқан көліктер ауаның ластануына тікелей әсер етеді.

Синоптиктердің айтуынша, бүгін Петропавлда метеорологиялық жағдай қалыптасып, атмосфераны ластаушы заттардың жинақталуына ықпал етті. Қарапайым тілмен айтқанда, қалада жел соғып, тұман түсті, атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды заттарды жинайтын инверсия пайда болды. Қолайсыз метеорологиялық жағдайлардан облыс орталығында ғана емес, елді мекендерде де атмосфералық ауа сапасы нашарлауы мүмкін.
Қымбат Мірғалымованың айтуынша, Петропавлда атмосфералық ауаның ластану деңгейін бақылау 4 бекетте жүргізіледі.

-Олар №1-ші Уәлиханов к-сі, 19б, №3 — Жұмабаев к-сі,101а, №5 — Парковая к-сі, 57В, №6 — Қизатов к-сі, 3т мекенжайларында орналасқан. «Қазгидромет» Қазақстанда атмосфералық ауа сапасына мониторинг жүргізудің мобильді қосымшасын іске қосты. Оның көмегімен барлық пайдаланушылар еліміздің бүкіл аумағындағы атмосфералық ауаның сапасын бақылай алады. AirKZ-те 46 елді мекен және 84 экологиялық бекет, оның ішінде Петропавл қаласы бойынша деректер қолжетімді,-деді Қымбат Мірғалымова.

Мамандар іске қосылған қосымша ауадағы азот диоксиді, азот оксиді, күкірт диоксиді, күкіртсутек, көміртек оксидің мөлшерін бақылай алады. Жалпы, Петропавлда өндірістік өнеркәсіптерден шыққан түтін мен энергетикалық кәсіпорындар, автомобильдерден шыққан газ ауаның ластауына алып келеді. Сәйкесінше, тұрғындардың денсаулығына да кері әсерін тигізеді. Атап айтсақ, адамның тыныс алуы қиындап, жөтел қысады, ластанған ауамен тыныстау астмаға әкеп соқтыруы мүмкін. Әрі ескі ауруларды одан сайын асқындырып жіберуі де ғажап емес.

-Күн бұзылып, табиғат тосын мінезін танытайын дегенде қазақстандықтарға алдын-ала ескерту жібереміз. Тұрғындардың қауіпсіздігі – басты назарда, — дейді Қымбат Мірғалымова.

Айта кету керек, атмосфералық ауаның ластану деңгейі 2021 жылы күкіртсутегі мен азот диоксидінің жоғары болуына байланысты айтарлықтай жоғарылады.

-Негізінен, ауа жылыту маусымы кезінде көбірек ластанады. Бұған — жылу энергетикалық кәсіпорындар мен жеке секторды жылыту шығарындылары себеп. Әсіресе, озон бойынша тәуліктік шоғырлану нормативтерінің асып кетуі байқалды. Ал былтырғы жылдың екінші жартыжылдығында Петропавлда күкіртсутек тарап, ауа ластанып, айналаға қолқаны қабатын иіс тарады. Мұндай процесс көктемнің ортасынан жазға дейін жалғасады,-дейді Қымбат Мірғалымова.

 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz