СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары биыл пестицид сақталған 16 қоймаға тексеріс жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Былтыр да 16 қойма тексерілген еді. Нәтижесінде, жалпы сомасы — 7 423 765 теңгеге 8 хаттама жасалды. Бұзушылықтарды жою туралы 8 ұйғарым берілді.
СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы Галина Стацюктің айтуынша, 2021 жылы пестицидтерден- 1855 сынама, оның ішінде тамақ өнімдерінен — 319, азық — түлік шикізатынан – 702, көкөністерден– 218, дәрілік шөптерден – 13, судан — 382, топырақтан — 180, жұмыс аймағының ауасынан 41 сынама алынды. Шекті рұқсат етілген концентрация мен шекті жол берілетін деңгейінің артып кету жағдайлары тіркелген жоқ.
— Өткен жылы облыстағы жұмыстардың барлық түрлерінде Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілген улы химикаттардың 300-ден астам түрі қолданылды. Пестицидтерден улануфактісі болған жоқ. Қауіпті химикаттарды қолдана отырып, маусымдық улау жұмыстарын жүргізу кезінде қоршаған ортаға және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттығына қатер төндіретін жағдай туындауы мүмкін. Пестицидтерден улануды болдырмау үшін санитарлық-гигиеналық нормаларды, қауіпсіздік ережелерін сақтау керек,- деді Галина Стацюк.
Фото: ашық дереккөзден