Петропавлда Отан қорғаушылар күніне орай қазақ күресінен «Қызылжар барысы — 2022» турнирі өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Дәстүрлі жарысқа облыстың барлық аудандарынан және Петропавл қаласынан 32 балуан қатысты. Астана күніне орай елордада өтетін «Қазақстан барысы» турниріне іріктеу кезеңі саналатын бұл сайыста жерлестеріміз намысты қолдан бермеуге тырысты. Өз ауданының мықтысы атанған жігіттер белдесулерде бар күшін салды. Дегенмен, күрестің аты күрес, жеңіс тұғырына бабы мен бағы қатар шапқандар шықты. Атап айтар болсақ, Петропавл қаласының атынан түскен Мұхит Тұрсынов жеңімпаз атанып, 500 мың теңгені қанжығасына байлады. 2-нші орын уәлихановтық Алтынбек Аусағитовқа бұйырды, оның жүлдесі — 300 мың теңге. 3-інші орын мен 200 мың теңге шалақындық Қайырбек Батырханның еншісінде.
-Мықтылардың бәрі шықты. Жас балуандар келіп жатыр. Әлі де іздеу керек, ауылдарда бар мықты жігіттер, жоқ емес бар, соларды тартуымыз керек. Ендігі мақсатымыз — жігіттерді «Қазақстан барысына» дайындау. Қарқыны қатты балуандарымыз бар, соларды баптап, өңір намысын қорғауға жібереміз, — деді жарыстың бас төрешісі Есләмбек Бекмұрзин.
Отан қорғаушы күніне орай жуырда Азия чемпионатында күміс медаль еншілеген Нұрғожа Қайпанов пен Аманғали Бекболатовқа 500 мың теңгеден арнайы сыйлық табыс етілді. Сондай-ақ, оларды баптаған жаттықтырушыларына да 200 мың теңгенің сертификаты берілді.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев