Мамлют ауданындағы Меңгесер көлінің минералды суы мен балшығы көптеген дертке шипа, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
2020 жылы кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты көлдің балшығы мен суына зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, балшығы күкіртті-сутекті, ал суы жоғары минералданғаны белгілі болды.
— Хлорид-натрий ванналары белсенді әсерге ие, бұл тұздардың концентрациясына, ваннадағы судың температурасына және дененің бастапқы күйіне байланысты. Процедура жүйке жүйесін ретке келтіріп, қан айналымы мен метаболизмді жақсартады, — делінген қорытындыда.
Туризмді дамыту бөлімінің мәліметінше, жазда демалыс орнына 2,5 мыңға жуық адам келеді. Шомылу маусымы шілде айының басынан тамыз айының ортасына дейін жалғасады.
-Меңгесер көлі сүйегі сырқырап, балтыры сыздағандарға, остехондроз, омыртқа буындарының қабынуы, остит, миозит, бурсит сияқты буын-сүйек ауруларына ем. Бұдан басқа жүйке жүйесінің ауруларына, асқазан-ішек жолы, бүйрек, тері ауруларына қарсы қолданылады, — делінген ғылыми материалда.
Фото: ainews.kz