Биыл өңірдегі 86 білім беру мекемесі мемлекеттік аттестаттау өтуі тиіс. Жыл басталғалы 16 білім беру ұйымында мемлекеттік аттестаттау жүргізілді. Мектепке дейінгі 5 мекеменің 4-уі және 11 орта мектептің 10-ы талапқа сай еместігі анықталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Ғалия Ілиясова мектепке дейінгі 5 мекеменің біреуі «uzdik» білім беру қызметін бағалаумен, 11 орта білім беру ұйымының бірі «zhaqsy»білім беру қызметін бағалаумен аттестатталғанын хабарлады.
— Ең жиі кездесетін қателіктер: оқу кестесінің жұмыс және үлгілік оқу жоспарларына сәйкес келмеуі, мектепке дейінгі ұйымдардағы апталық оқу жүктемесі көлемінің мемлекеттік білім беру стандартының білім беру мен оқыту тіліне қойылатын талаптарға сәйкес келмеуі, оқушылардың дамуын бақылауда талаптардың орындалмауы, оқу сабақтарының кестесіндегі, оның ішінде «Kundelik» электронды журналындағы пәндердің атаулары мен типтік оқу жоспарындағы олардың атауларының сәйкес келмеуі, — деді Ғалия Ілиясова.
Сонымен қатар, бейнебақылау жүйелерінің жазбаларын жедел басқару орталығына немесе аумақтық полиция органдарының кезекші бөлімшелеріне жіберу мүмкіндігінің болмауы, бастауыш сыныптарда жеке пайдалануға арналған жабдықталған шкафтардың жоқтығы есепке алынды.
Ғалия Ілиясова мемлекеттік аттестаттаудан өте алмаған мектептердің түлектеріне мемлекеттік білім туралы құжат берілмеуі мүмкін екенін ескертті.
Pexels иллюстрациялық фотосы