Жыл басынан бері петропавлдық полицейлерге тұрғындардың тыныштығын бұзу фактісі бойынша 600-ден астам шағым түсті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Соңғы жағдайлардың бірі Уәлиханов көшесінде тіркелген. Полицияға шағымданған әйелге көршілері таңғы 5 ке дейін маза бермепті. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары пәтерде екі ер адамның арақ ішкенін анықтады. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы «Тыныштықты бұзу» бойынша хаттама толтырылды.
– Демалыс күндері тыныштықты бұзу фактілері бойынша 12 шақырту келіп түсті. Естеріңізге сала кетейік, жұмыс күндері сағат 22-ден 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-тен 10-ға дейін шу шығаруға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады,-деді қалалық ПБ бастығы Жандос Мұқатов.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінен