Мамырдың 2-сі мен 10-ы аралығында Грек елінің Ираклион қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі додада солтүстікқазақстандық Денис Полубариянов қола медаль еншіледі. Алайда, жаттықтырушысының айтуынша қазылар алқасы жас жігіттің өнерін әділ бағаламаған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі, 7152.kz-ке сілтеме жасап.
-Мәселенің басын ашып түсіндіре кетейін. Денис әлем чемпионатына дайындық барысында 145 келі көтеріп жүрді. Ал, сайыстың бірінші кезеңінде 140 келі көтерді. Егер де дайындалған салмақта өнер көрсетсе, сөзсіз чемпион атанар еді. Алайда, түрік спортшысы алғашында 150 келі, кейін 174 келіні көтерді. Жеңіске жету үшін бізге 185 килограмды еңсеру керек болды. Ол межеге жеттік. Алайда, төрешілер Денистің соңғы айналымдағы талпыныстарын есептемеді, оның алдында көтерген 181 келісін ғана есепке алды,-дейді спортшының жеке бапкері Ерік Әлібаев.
Фото: ашық дереккөзден