Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанда пандемиямен күреске қанша қаражат бөлінгенін айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, қауіпті індетпен күресу үшін 2020 жылы бюджеттен 252 миллиард теңге бөлінген. Ал 2021 жылы пандемияға 556 миллиард теңге жұмсалған. Оның 28 миллиарды дәрі-дәрмек, қорғаныс құралдары, медициналық техника сатып алуға кеткен. 197 миллиард дәрігерлерге қосымша ақы төлеп, іссапар шығыстарына жұмсалыпты.
-2021 жылы коронавирустың үш толқыны болды, жыл бойы осы індетпен күрестік. 97 миллиард теңге вакциналар, шприцтер және коронавирус диагностикасы үшін жұмсалды. Дәрігерлердің үстемақысы мен іссапарына 413 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, 40 миллиард теңге науқастардың ауруханада емделуіне жағдай жасауға жұмсалды, – деді министр.
Ажар Ғинияттың сөзінше, 2022 жылы COVID-19-ға қарсы күреске 86 миллиард теңге бөлінеді.
-“Veracel және QazVaq вакциналарын сатып алуға 9 миллиард теңге жұмсалды. 20 миллиард теңге өткен жылы алынған Pfizer екпелеріне төленді. Біз бұл туралы Мәжілісте де айтқан едік”, – деді Ажар Ғиният.
Фото: ашық дереккөздерден