Шал ақын ауданы зейнеткерлерін, әсіресе жалғызбасты ардагерлерді электр қуатының бағасы қатты алаңдатып отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұл мәселе облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жарасбай Сүлейменов Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында тұрғындарды қабылдаған кезде де көтерілді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Лидия Нечупей электр энергиясына түнгі тарифті қайта енгізуді сұрады. Оның айтуынша, аталған жеңілдік тұрғындар, әсіресе зейнеткерлер үшін өте тиімді еді, қазіргідей салмақ салмайтын. Бұдан бөлек, жылыту маусымына қатысты проблемалар да қозғалды. Нақтырақ айтсақ, ол отынның қымбаттап кеткеніне наразы. Қазір 1 машина ағаштың құны 65 мың теңге тұрады. Ешкім отынды тегін жарып, үйіп бермейді, әрине. Оған зейнеткер тағы 15 мың теңгедей қаржы жұмсайды. Мұндай шығынды жалғызбасты қариялардың барлығының бірдей қалтасы көтере бермейді. Лидия Александровна отын дайындаушылар өздері ағашты арзанға алып, жұртқа біршама қымбатқа сататынын айтты.
-Қазақстанның табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті бағаны жөнсіз өсіріп, халықтың қалтасын жұқартып жатқандардың іс-әрекетін бақылай ма екен?-деп сұрақты төтесінен қойды зейнеткер.
Сергеевка қаласының тұрғыны Ықылас Бекхожинді де осы мәселе алаңдататын көрінеді. Ол қоғамдық кеңестің төрағасына үстіміздегі жылдың мамыр айына дейін тұрғындардың 1 кВт/сағат электр энергиясы үшін 12 теңге 9 тиын төлеп келгенін айтты. Ал мамыр айындағы түбіртекте 12 теңге 42 тиын деп көрсетіліпті. Сонда қалай, осыған дейін тиісті ұйымдар тұрғындардан артық ақша алып келген бе? Олай болса, айырмашылықты кім өтейді? Бұған табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіндегілер не айтады?
Тұрғындардың шағымдарын тыңдаған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы аталған мәселелерді тиісті органдарға жеткізетінін айтты.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев