Петропавлда жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үйдің бір шаршы метрі 160 000 теңге болып белгіленді. Нарықтағы баға 300-400 000 теңгеден басталады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Конкурстық рәсімдерді өткізу, төлем қабілеттілігін анықтау және тұрғын үйді бөлумен «Отбасы банк» айналысады. Жалпы, бүгінде Петропавлдың «Жас Өркен», «Береке», «Орталық» негізгі шағын аудандарында 22 бюджеттік және 14 коммерциялық үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, бюджет қаражаты есебінен тағы 10 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып отыр, конкурстық рәсімдер аяқталуға жақын. 9 үй Копай шағын ауданында салынып жатыр. Бұдан бөлек, биыл 6 жалдамалы-коммуналдық үйді пайдалануға беру жоспарлануда.