Нұр-Сұлтандағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде биылғы оқу жылы домбыра сабағымен аяқталды. Бұл шараны Гиннесс рекордтар кітабына «Ең ауқымды домбыра сабағы» атауымен онлайн тіркеу жоспарланып отыр. Бір мезетте 1000 бала домбырамен күй тартты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Домбыра сабағына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған дирижерлік етті. Мыңдаған оқушының орындауында «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» сынды атақты күйлер күмбірлеп, туындылардың шығу тарихы баяндалды.
–Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушылары бүкіл әлемге біздің еліміз бен мәдениетімізді, халықтың жаны деп атауға болатын басты музыкалық аспапты таныстырды. Нағыз қазақ – домбыра екенін бәріміз жақсы білеміз, сондықтан бүгінгі күнді тарихи деп атауға болады, – деп мойындады «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.
Бір мектептің мыңға жуық оқушысы ұлттық аспапты жетік меңгеріп, бірге күй орындауы әлемдегі тұңғыш оқиға. Қазақстандық рекорд аса көрнекті жетістіктер мен бірегей құбылыстар туралы жаһандық анықтамалыққа енгізіледі деп жоспарлануда. Guinness World Records-қа (GWR) өтінім 2021 жылдың желтоқсан айында берілген болатын. Гиннесс рекордтар кітабының талаптары бойынша ауқымды сабақты 25-тен астам стюард пен 2 куәгер қадағалап, барлық критерийлерінің толық сақталуын қамтамасыз етті.
Петропавл қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі оқу жылының соңғы сабағы “Дала шежіресі — күй өнері” деп аталды. Мектеп қабырғасында өткен шараға білім ошағының 35 оқушысы ат салысты. Олардың барлығы 7-сыныптан домбыра үйірмесіне барып, ұлттық аспапты жанына серік еткен жас өнерпаздар.
Фото: ашық дереккөздерден