Облыс әкімі Құмар Ақсақалов қаладағы жылу электр орталығының жартылай опырылған мұржасы толық бұзылатынын айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Сараптама нәтижелері мұржаны қалпына келтіру мүмкін еместігін көрсетті.
-Қайта көтеріп тұрғызуға келмейді. Станция 1961 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір ЖЭО-дағы 11 жұмыс қазандығын қалған екі мұржаға қосу үшін қажетті техникалық шешімдер қаралып жатыр. Жұмыс режимінде 9 қазандық істеуі керек, күн суытқанда 10-ға жеткізіп, тағы біреуі резервте тұруы қажет. Ақша бар. Инвесторлар толық өз қаражаттарына жөндейді. Ол шамамен 17,5 млрд теңге. Тарифті өсірмейміз. Тұрғындар негізінен осы мәселеге алаңдаған еді. 587 тонна мұржа керек еді, оны таптық. Қазандықтарды бөлек-бөлек Петропавлда, Теміртауда және Екібастұзда жөндейді. Бұған дейін оны 3-4 жылда біртіндеп жөндейміз деп жоспарлаған едік, енді кейінге қалдыруға болмайды, күрделі жөндеуден өтеді, — деді Құмар Ақсақалов.
Өңір жетекшісінің айтуынша, әзірге ЖЭО-ның қуаты жеткілікті, алайды келешекте мүмкіндіктерін арттыру қажет болады.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев