Петропавлда мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Кеште солтүстікқазақстандық мәдениет қызметкерлерінің еңбегі еленіп, бірқатары марапатқа ие болды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығметов қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– Құрметті мәдениет саласының қызметкерлері, ардагерлері. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Елдің мәдениетін, рухани байлығын дамытуда, сақтауда сіздердің үлестеріңіз орасан зор. Қай елдің мәдениеті мықты болса, сол елдің еңсесі биік, рухы жоғары болады. Сіздерге айтылатын лебіздер мен берілетін марапаттардың бәрі орынды. Халқымыз үшін жасап жатқан еңбектеріңіз жемісті болсын. Сіздерге денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін, — деді Ғани Нығыметов.
Мерекеге орай Еңбек ардагері, танымал домбырашы Серікбай Құсайыновқа белсенді қоғамдық қызметі, халық фольклорын насихаттауға қосқан жеке үлесі үшін «Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сонымен қоса, өңіріміздің мәдениетін дамытып, талмай еңбектеніп жүрген бірқатар қызметкерлер Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, «Еңбек ардагері» медалі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев