СҚО тұрғыны дәрігердің қателігінен мүгедек болып қалды

Авторы: Qyzyljar News

Петропавлдық дәрігерлер Шал ақын ауданы Сергеевка қаласының тұрғыны Майра Сексенованың қалқанша безіне ота жасап, пациенттің дауыс сіңірін зақымдаған. Ақ халаттылардың қателігінен жапа шеккен ол дертіне шипа іздеп, Ресейде емделмекші. Алайда, оған қыруар қаражат керек, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Майра Сексенованың бұл аурумен арпалысып жүргеніне 2 жылдың жүзі болыпты. Содан бері жағдайы нашарламаса, жақсарамаған.

-Операцияға дейін менде бір ғана диагноз болды. Қазір маған басқа диагноз қойылып отыр. Дәрігердің қателігінен сөйлеу өте қиын. Ылғи ауа жетпей ентігіп қала беремін. Әрі тез шаршаймын. Кейде тыныс алудың өзі қиындап кетеді. Ал ағзама кальций витамині жетпеген соң, денем жиі құрысып қала беретін болды. Мұнымен қоса ыстық ауа –райын мүлде көтере алмаймын», — дейді Майра Сексенова.

Операция жасаған дәрігерлер шалақындық әйелді уақыт өте келе даусыңыз қайта қалпына келіп, аурудан құлан таза айығасыз деп сендірген. Алайда денсаулығының оңалатын түрі жоқ. Нәзікжанды былтыр ем іздеп Нұр-Сұлтан қаласындағы Президенттік клиникаға да барған. Ондағылар Майра Сексеноваға тыныс алу қабілетін жақсарту үшін екінші мәрте ота жасаған.

-Нұр-Сұлтанда да тәтем операцияға жатты. Артынша ондағылар бізге қорытынды берді. Яғни 2020 жылы алғашқы ота кезінде солтүстікқазақстандық дәрігерлер дауыс сіңірін екі жақтан кесіп алғанын айтты. Міне содан бері біз осы аурумен күресіп келе жатырмыз. Енді соңғы амалымыз Ресейдің Омбы қаласындағы фониатриялық орталыққа барғымыз келеді. Ондағы мамандармен сөйлесіп қойдық. Бізді қабылдауға дайын. Тіпті дауысты қайтаруға болатынын айтып, сендіріп отыр. Қазір біздің шетелге барып, тек кеңес алуымызға ғана шамамен 300 мың рубльден астам қаражат қажет. Ал валюта болса өздеріңіз білесіздер қазір тұрақсыз. Біздің ақшаға ауыстырсақ бұл шамамен 1,5-2 миллион теңгедей ақша. Ал, артынша Ресей астанасына да баруымыз мүмкін. Оған тағы қаражат қажет, — дейді науқастың жиені Айнұр Қозыбаева.

Омбы қаласындағы фониатриялық орталық Мәскеудің үздік клиникаларымен әріптестік орнатқан. Сондықтан қазір Майра Сексенованың бар үміті Ресейлік дәрігерлерде.

-Петропавлда нағашыма Каримов деген хирург операция жасаған болатын. Содан бері біз ол кісімен мүлде кездесе алмадық. Қашқақтайды ма, білмеймін. Тіпті өз қателігі үшін бізден кешірім де сұраған жоқ. Қазір бізге ол кісіден тек ота кезіне науқасқа қандай дәрі-дәрмектер бергендігін білу маңызды болып тұр. Яғни осы медициналық құжаттарды алуымыз керек. Өйткені бұл ақпараттарды Омбыдағы фониатриялық орталықтағы мамандар бізден сұратып жатыр. Аталған мәселені сотқа жеткізбей шешіп тастағымыз келеді. Ортақ мәмілеге келуге де дайынбыз. Өйткені күн санап нағашымның жағдайы қиындап барады. Тәтем қазір бар болғаны материалдық өтемақыны талап етіп отыр. Ол осы аурухана қызметкерлерінің кесірінен мүгедек болып қалды. Сотқа арыз беріп, соттасып жүретін жағдайымызда, уақытымызда жоқ. Ол бізге тиімсіз, — дейді Айнұр Қозыбаева.

48 жастағы Майра Сексеноваға 3-ші топтағы мүгедектік берілді. Бұған дейін ол балабақшада тәрбиеші болған. Қазір денсаулығына байлаланысты тәрбиешінің көмекшісі болып қызмет етеді. Тиісінше, жалақысы да бұрынғыға қарағанда азайған. Ал даусын қалпына келтіру үшін қыруар қаражат керек. Айына кем дегенде 100 мың тегеден астам қаржы тек дәрі-дәрмек сатып алуына кетеді екен.

-Біз науқас Майра Сексеновамен осыған дейін кездесіп осы мәселені талқыладық. Екі тарап медиациялық келісім жасаймыз деп ұйғардық. Бұл бірінші кезекте уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Яғни осының арқасында азаматша тезірек медициналық жәрдем ала алады. Өзі шетелдік дәрігерлердің көмегіне жүгінгелі жатыр екен. Біз оған тек сәттілік тілеп, тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз. Ал операция жасаған біздің дәрігердің кінәсі бар-жоғын анықтаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ол үшін көп уақыт қажет. Яғни түрлі сараптамалар тағайындау қажет болады. Жәбірленуші тарап сотқа арыз беруі тиіс. Сот процесстері өздеріңіз білесіздер бір –екі күнде аяқтала қоймайды. Тым ұзаққа созылып кетуі мүмкін, — дейді облыстық көпбейінді аурухана директорының міндетін атқарушы Сәкен Әмрин.

Майра Сексеноваға Омбы мен Мәскеуге барып ем алып қайтуына әзірге 3 миллион теңгеден астам қаражат қажет.

Фото: ашық дереккөздерден

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz