Облыс тұрғындарының ірімшікке деген сұранысын жабу үшін жылына өңірдің сүт өңдеу кәсіпорындары 2,7 мың тонна өнім шығаруы тиіс. Былтыр 2,3 мың тонна дайындалған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавлдағы «Eurasian milk» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыс тұрғындарын сүт өнімдерімен толық қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Серіктестіктің бас директоры Андрей Гриценконың сөзінше, бүгіндері зауыт тауардың 16 түрін шығарады. Алдағы уақытта оның санын 28-ге дейін жеткізу жоспарда бар.
– Бұрындары зауыт тәулігіне 20 тоннаға жуық сүт өнімдерін шығаратын. Барлық қондырғыларды бақылап, басқарып отыруға 5-6 адам жұмылдырылатын. Цехтардағы құрал-жабдықтарды жаңартқан соң жұмыс толық автоматтандырылды. Енді технологиялық үрдісті тек 1 оператор қадағалай алады. Қазіргі уақытта бір тәуліктің ішінде 70 тонна дайын өнім әзірлеуге мүмкіндігіміз бар. Жыл соңында оның көлемін 180 тоннаға дейін жеткіземіз, – деген Андрей Гриценко облыс әкімі Құмар Ақсақаловты май, қаймақ және ірімшік өндіретін цехтардың жұмысымен таныстырды.
«Eurasian milk» серіктестігінің өмірі облыс көлемінде ғана емес, еліміздің өзге өңірлері мен Ресейдің бірқатар қалаларына экспортталуда. Кәсіпорын жобаның екінші кезеңін жүзеге асырғанда зауыттың қуаттылығы тәулігіне 350 тонна және жылына 128 мың тонна сүт өнімдерін шығаруға жететін болады. Бұл мақсатқа 7 млрд. теңгеден астам инвестиция құю жоспарланған. Өз кезегінде өңір басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге қажетті шикізат тапшылығы туындамауы үшін аудандарда тауарлы-сүт фермалары салынып жатқанын алға тартты.
– Соңғы 3 жылдың ішінде облыста 22 тауарлы-сүт фермасы қолданысқа берілді. Биыл тағы 10-ы ашылып, соншасының құрылысы басталады. Әрқайсысы 1200 ірі қараға шақталған. Шикізат, яғни, сүт қаламыздағы ірі кәсіпорындарға, соның ішінде «Eurasian milk» серіктестігіне де жеткізіледі. Бұл зауыттың әлеуеті жоғары екенін атап өткім келеді. Облысты ғана емес, елімізді де ірімшікпен толық қамтуға мүмкіндігі бар. Инвестор жалпы 13 млрд. теңге инвестиция құйып, өз тауарын шетелге саудалауды да мақсат етіп отыр. Ол үшін мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілуде, – деген Құмар Іргебайұлы өткен жылы еліміздің сүт өңдеумен айналысатын компаниялары ірімшіктің 23 мың тоннасын өндіріп, импортқа шығарғанын атап өтті.
Мемлекеттік қолдау механизмдеріне келер болсақ, былтыр «Eurasian milk» серіктестігі сатып алған қондырғылар мен сүт өнімдері үшін Үкімет тарапынан 370 млн. теңге көлеміндегі субсидияға қол жеткізді. Зауыт ірімшіктің 2 жарым мың тоннасын, қаймақтың сонша көлемін және майдың 3 мың тоннасын шығарды. Бүгіндері өндіріс ошағында 210 адам еңбек етеді. Соның ішінде 120-сы – жаңа инвестордың келісімімен тұрақты жұмыспен қамтылғандар.
Мырзабай БЕЙСЕН
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев