Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан №59 дауыс беру учаскесіне келді. Президент осы учаскеде бюллетень арқылы республикалық референдумда өз таңдауын жасады.
Бүгін референдум барысында ел тұрғындары Конституциямыздың 33 бабына 56 өзгеріс енгізу мәселесіне қатысты өз дауысын береді. Республика бойынша 10 013 референдум учаскесі іске қосылады. Ал республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімі 11 млн 722 мың 536 адамды құрайды. Сонымен қатар ҚР Сыртқы істер министрлігі 52 шет мемлекеттегі Елшіліктеріміздің жанынан 65 учаскелік референдум комиссиясын құрды.
Президент Қазақстан халқы дауыс беріп жатқан түзетулер елдің қоғамдық өміріне үлкен өзгерістер енгізуді көздейтінін атап өтті.
-Алда үлкен жұмыс бар. Бүгін өзгерістер енгізуге дауыс беріп жатқан Конституцияны іске асыру керек. Атап айтсақ, партияларға, Парламентке қатысы бар заңнамаларға өзгеріс енгізілмек. Парламентіміз бұл міндетті абыроймен атқарады деп ойлаймын. Түптеп келгенде мемлекет пен қоғамның арасындағы қатынастың парадигмасы өзгереді, адам құқықтары бірінші орынға шығады. Бұл — аса маңызды. Конституцияда Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен жаңа мәртебеге ие болады. Омбудсмен Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Ол орган да біз үшін жаңа институт, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: ашық дереккөздерден.