Нұр-Cұлтан қаласында Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдық мерейтойына арналған республикалық патриоттар форумы өтті. Шара барысында биыл елеулі жетістікке жетіп, еліміздің даңқын шығарған қазақстандықтар «Жыл патриоты» аталымы бойынша марапатталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– Біз әрқашан Туымыз бен Әнұранымызды, Елтаңбамызды мақтан тұтамыз және бүгін осы тамаша мерекені атап өту үшін жиналып отырмыз. Әрқашанда аспан түстес көк байрағымыз Тәуелсіздігіміздің мызғымастығын, қазақстандықтардың жоғары жетістіктерін әлемге мақтанышпен сүйіншілеп, көкте желбіреп тұрсын! , – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Марапатталғандардың қатарында Бейжіңдегі қысқы Паралимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алған жерлесіміз Александр Герлиц те болды.
– Бұл – мен үшін үлкен абырой. Осындай құрмет көрсетіп, «Жыл патриоты» атағын берген халқыма ерекше алғысымды білдіремін. Мен өз Отанымның нағыз патриоты болғым келеді. Қазақстанымды жақсы көремін. Паралимпиада ойындарында көк байрағымыз желбірегенде жанарыма жас алдым», – деп қуанышымен бөлісті Александр Герлиц.