Алдағы жаңа оқу жылынан бастап Қазақстанның мектеп оқушылары үшін «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» курстары ұйымдастырылады. Бұл туралы Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті Мәдина Тыныбаева айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-«Патриотизм және жаһандық құзыреттер» атты курс 5-11 сынып оқушыларына арналған. Оның мақсаты – баланың талдау қабілеті мен шеберлігін дамыту. Бүгінде жаңа жоба өңірлік әдістемелік орталықтарға танысу мақсатында жіберілді. Сол сияқты жаңа курсқа қатысты түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр, — деді Мәдина Тыныбаева.
Оқушыларға арналған жаңа сабақ 2022-2023 оқу жылында қолданысқа енгізілмек. Еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңашылдықты қолдады.
-Еліміздің көптеген мектептерінде жақсы үрдіс қалыптасқан. Оқушылар апта сайын жиналып, мемлекеттік әнұран шырқалатын жиындар өткізіп тұрады. Менің ойымша, мұндай дәстүрді барлық білім ошақтарында жаңғырту қажет, – деді Асхат Аймағамбетов.
Фото: ашық дереккөздерден