Жергілікті университеттің студенттері әскери кафедраның жабылатынын естіп, наразылық танытуда. Бірақ, баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл сұрақ әлі талқыланып жатыр, нақты шешімі шығарылған жоқ, деп деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі, ratel.kz-ке сілтеме жасап.
— Солтүстік Қазақстан университетіне түсерде әскери кафедра болады деп сендірді. Тиісінше, оған барынша дайындалып, медициналық комиссиядан өттік. Оның өзі тегін емес. Шамамен 20000-25000 теңгеміз кетті. Алайда, бүгін кафедраға студенттерді жинамайтын болғанын естідік. Тізімдегі 320-дан астам адам түсуге дайындалып жүр еді, — дейді студенттер.
Студенттердің көпшілігі университетке әскерге бармай, кафедрада оқып алу үшін түскендерін айтып ағынан жарылды.
-Бірақ бүгін университет Аризонаға қарайтындықтан, келісім-шарт бұзылып, әскери кафедра болмайтынын мәлімдеді, — деді студенттердің бірі.
Еске салсақ, жақында Солтүстік Қазақстан облысындағы жалғыз жоғары оқу орны Аризона университетіне 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілген болатын.
— Аризона университетімен біздің уағдаластығымызға сәйкес, тәрбие ісі жөніндегі проректор Қазақстан тарапынан болады, тәрбие жұмысы Қазақстанның құндылықтарына, моральдық-этикалық ұстанымдарына сәйкес жүзеге асырылатын болады, — деп түсіндірді Білім және ғылым министрлігі өкілдері.
Әскери кафедра туралы өңір басшылығы да, университет ректораты да әзірге түсініктеме берген жоқ. Алайда ЖОО-ның баспасөз қызметі Kozybaev University-дегі әскери кафедра бойынша мәселе әлі шешілмегенін айтты.
— Ол жоғары оқу орны басшылығының, Білім және ғылым министрлігінің, сондай-ақ еліміздің Қорғаныс министрлігінің талқылауында, — деді баспасөз қызметінің жетекшісі Диана Халимова.
Фото: ашық дереккөздерден