СҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы Жарасбай Сүлейменов Жамбыл және Айыртау аудандарының тұрғындарымен кездесті. Қабылдау барысында спорт, ауылдарды көркейту және білім беру саласына қатысты мәселелер көтерілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жамбыл ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Станислав Полевничич жобалық-сметалық құжаттары әзір тұрған жабық корттың құрылысын тездетуге ықпал етуді сұрады. Оның айтуынша, сараптама жасалған, бірақ жұмыс одан әрі жүргізілмеген көрінеді.
Зейнеткер Жұмақайық Дүйсенбин аудан орталығындағы Есім Шайкин, Юбилейный көшелері жартылай асфальтталып, жұмыс тоқтап қалғанын айтып, көмек сұрады.
Аудандық мәслихат депутаты, өнер мектебінің директоры Амина Галиева өзі басшылық ететін мекеме ғимаратының іске қосылғанына 55 жыл толғанын, 200 астам бала қосымша білім алатынын айтып, жаңа нысан салу қажеттігін алға тартты.
— Жер учаскесі бөлінген. Қазір жобалық-сметалық құжаттар дайындауға 20 миллион теңгедей қаржы керек, — деді Амина Галиева.
Айыртау ауданында жол мәселесі өзекті.
— Ауылішілік жолдардың біразы жөнделген. Кеңес Одағының Батыры Михаил Янко атындағы көшені жөндеу керек. Арықбалық – Приозерное, Сырымбеттің жолы сын көтермейді. Егіндіағаш, Дәуқара, Светлое ауылдарына баратын жолдардың жағдайы да өте нашар. Ауданға сырттан келетіндер көп, — деді Бағлан Қожақов.
Тұрғындардың өтінішін тыңдаған қоғамдық кеңес төрағасы Жарасбай Сүлейменов, ауылдықтардың мәселесін тиісті органдарға жеткізіп, оң шешілуіне көмектесуге уәде берді.
Фото: Талғат Тәнібаев.