Солтүстікқазақстандық полицейлер облыс тұрғындарына малды жаю қағидаларын бұзушыларға қатысты әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске салады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Қараусыз, емін-еркін жайылып жүрген жануарлар жол-көлік оқиғасына себепші болуы мүмкін. Сонымен қатар, аулаларға кіріп кетіп, егістіктер мен өсімдіктерге кесірін тигізеді. Иесіз оттап жүрген малды өткен-кеткендердің ұрлап кетпесіне ешкім кепілдік бермейді. Мұндайға жол бермеу үшін сақтық шараларын, тиісті ережелерге бағыну керек. Естеріңізге сала кетейік, жануарлардың қараусыз жайылып жүргені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу» бойынша жауапкершілік қарастырылған», – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, еркін жайылып жүрген мал иесі анықталғанша арнайы орындарға қамалады. Облыс аумағында мұндай 230 айып тұрағы бар. Онда жыл басынан бері 4719 бас мал қамалған. 1399 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жануарлардың қатысуымен 4 жол-көлік оқиғасы орын алды.
Фото: ашық дереккөздерден