Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ұстаздардың қылқаламынан туған көз тартар картиналардың көрмесі ұйымдастырылды. Көрермен назарына мұғалімдердің бейнелеу өнерінен өткен шеберлік сабақтары кезінде салған 20-дан астам жұмысын ұсынылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Аталған шеберлік сағаттары мұғалімдерді шығармашылық тұрғыда шыңдап, олардың жеке қабілеттерін дамытуға септеседі. Бастаманың авторы – өнер пәнінің мұғалімі Әлия Молдахметова. Ұстаздың идеясы мектеп әкімшілігі тарапынан қолдауға ие болып, осы жылы 40-тан астам педагог бейнелеу өнерінен тәлім алды.
– Шеберлік сабақтарына қатысуға ниет білдірген ұстаздар бір-екі ай көлемінде сабақтарға қатысты. Бір топта 5-6 мұғалім тәлім алып, толық бір картинаны салып шықты. Олар өздері таңдаған тақырып бойынша жұмыс істеді, – дейді Әлия Молдахметова.
Сурет салу сабақтарында тәлім алған жандардың бірі – директордың орынбасары Сәулет Мұқанова. Нәзікжанды 1 ай көлемінде теңіз жағасындағы демалысына арнаған пейзажын майлы бояумен салып шыққан.
– Бұл менің аң алғашқы тырнақалды жұмысым. Бұған дейін мүлдем қолыма суретші ретінде қылқалам алып көрмеген едім. Бірақ білікті жетекшінің көмегімен өз туындымды жазып шықтым, – деп бөлісті Сәулет Мұқанова.
Мектептегі бірегей жоба келесі жылы да жалғасын таппақ.
Фото: НЗМ баспасөз қызметінен