СҚО-да мердігерлер 14 жобаның құрылысына әлі кіріскен жоқ. Олардың кейбіреулеріне конкурс қыста өткізілген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, Мамлют ауданының Меңгесер ауылындағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы келісім мердігермен қаңтар айында жасалуы керек еді. Байқау өтіп, қаражат бөлінген. Пресновка ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағын абаттандыру және жолды жөндеу бойынша жоба да «қаңтарылып» тұр. Мұнда әлі күнге дейін авторлық қадағалау туралы шарт жоқ.
— Ақша бар, конкурстар өткізілді, әлі күнге дейін жұмыс жүргізілмеген. Тіпті құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама туралы талондар да жеткен жоқ. Бұл Мамлют, Қызылжар, Есіл, Тайынша және Жамбыл аудандары мен Петропавл қаласына қатысты. Жаз оратсына жетті. Жұмысты жылдамдату керек, — деді облыс әкімі.
Оның құрылыс саласына жауапты орынбасары Сәтжан Аблалиевтің айтуынша, барлық нысандар бақылауға алынған.
— Мәдениет үйіне келетін болсақ, біз Қаржы министрлігімен келісімге келгенбіз. Электрондық коммерция орталығында үнемі қате шығады. Кеше ғана мақұлданды. Келісім-шарт жасалды. Аудандар мәселесі туралы үндеген жоқ, тек біз араласқасын ғана «сең қозғала» бастады. Қалған нысандар бойынша да біраз қиындықтар пайда болды, — деп түсіндірді Сәтжан Аблалиев.
Фото: ашық дереккөздерден.