Солтүстік Қазақстан облысына ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын әлемдік көшбасшы — «CLAAS» трансұлттық компаниясының делегациясы келді. Бұл туралы өңір басшысы Құмар Ақсақалов өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында жазды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Шығыс Еуропадағы сату жөніндегі аға вице-президенті Питер Андерсонмен және «SU Manufacturing» аға вице-президенті Кристиан Кебкемен кездестім. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын кәсіпорынды дамыту жоспары талқыланды. Шаруаларға тиімді жұмыс істеу үшін арзан әрі сапалы техника қажет. Шаруалар техниканың сапасын жоғары бағалады. Кәсіпорын қарқын алып келеді. Өткен жылы 92 комбайн сатылды. Биыл 220 техника құрастырылады. Атап айтқанда, 126 комбайн, 65 трактор және 29 егіс кешені,- деп жазды Құмар Ақсақалов.
Сондай-ақ, облыс әкімі өңірге «CLAAS» құрылтайшылар кеңесінің төрайымы Катарина Клаастың жұмыс бабымен келмекші екенін жазған.
-Сапар барысында диқандармен кездесу жоспарланған. Жоғары деңгейдегі кездесулер ауыл шаруашылығына арналған машина жасау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға көмектеседі,-деді өңір жетекшісі.
Фото: Құмар Ақсақаловтың инстаграм парақшасынан