Жамбыл ауданында заманауи тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталғаны туралы аудан әкімі Марат Ескендіров өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
2021 жылы Жамбыл ауданында жалпы сомасы 1 млрд. 250 млн. теңгеге 3 инвестициялық жоба жүзеге асты.
— Жамбыл ауылында 600 сиырға арналған «Алисарай» ЖШС заманауи тауарлы-сүт фермасының құрылысын бастады. Жобаның жалпы құны 1,8 млрд.теңгені құрайды. Қазіргі уақытта Германиядан 512 бас мал сатып алынды, 117 мал шаруашылыққа жеткізілді. Түркиядан сауу жабдығы сатып алынды. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланып отыр,-деді Марат Ескендіров.
Аудан әкімінің айтуынша, 25 жұмыс орны құрылады және болашақта ферма халықты нарықтағы бағадан төмен, сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді.