Солтүстік Қазақстан Халықаралық Олимпиада күнін мерекелеу эстафетасын қабылдап, Петропавлда веложарыс ұйымдастырылды. Оған Олимпиада чемпионы Александр Винокуров та қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұл мереке жыл сайын 23 маусымда аталып өтеді. Қазақстанда биыл 28-ші рет тойлануда. Ұлттық Олимпиада комитеті маусым бойы түрлі іс-шараларын легін өткізді.
Жарысқа Винокуров спорт сарайынан жүзден астам велосипедші шықты. Ересектер мен балалар қала көшелерімен шамамен 10 шақырым жүріп өтті. Қатысушылар Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах пен Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев қол қойған медальдар мен сертификаттарға ие болды.
— Мен шараға қатысып, спортсүйер жерлестеріммен кездескеніме қуаныштымын. Бұл күндері мұнда велоспорттан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр, сондықтан Петропавлда қазір велосипедшілер толып жүр. Осы жерден болашақ олимпиадашылар шығатынына сенімдімін», — деді Олимпиада чемпионы Александр Винокуров.
Фото: olympic.kz