СҚО Шал ақын ауданының Сергеевка қаласында «Қызылжар-2022» ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық фестивалінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Спорт сайысына 13 ауданнан жиналған 700-ден астам спортшы қатысты. Олар үш күн бойы спорттың 12 түрі бойынша бақ сынады. Фестиваль 26 маусым күні көкпар ойындары мен түрлі қашықтықтарға ат жарысымен аяқталды.
Көкпардан Ақжар ауданының спортшылары көш бастап, финалдық ойында Тайынша ауданының командасын жеңді. Қола жүлде Жамбыл ауданынан келген спортшыларға бұйырды.Теңге алу бойынша қызылжарлықтар көш бастады, сондай-ақ олар командалық есепте армрестлингтен бірінші орын алды.
Қазақ күресінен бірінші орын – шалақындықтарда. Аудан тұрғындары тоғыз құмалақ, жекпе жек және бес тастан командалық сайыста қарсылас шақ келтірмей, алтын жүлде иеленді. Ал Уәлиханов ауданының командасы түйе палуаннан үздік деп танылды. Аударыспақтан Аққайың ауданының командасы мықтылықтарын көрсетіп, ешкімге дес бермеді. Асық атудан жамбылдықтарға тең келер ешкім болған жоқ.
Сайыс қорытындысы бойынша Шал ақын ауданының командасы «Қызылжар-2022» ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық фестивалінің чемпионы атанды. Екінші орынды ақжарлықтар, үшінші орынды Қызылжар ауданы иеленді. Шалақындықтар фестиваль жалауын Қызылжар ауданына тапсырды.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев