Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов облыс бойынша 50 тұрғын үй құрылысы жүріп жатқанын айтты. Оның 26-сы бюджеттік, 24-і — коммерциялық, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңірде тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі 3 есе артты. Облыс әкімі Жас Өркен, Береке, Орталық шағын аудандарының қатарына «Копай» да кіруі мүмкін екенін атап өтті.
-Ескі шағын ауданның тұрғындары бұл күнді көп күтті. 117 жер үйді сырып тастап, онда тұратын отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсартамыз. Жалпы барлығы 2,8 мың пәтерден тұратын 27 үй салу жоспарланған. Бұл жаңа мектебі, балабақшасы мен емханасы бар жаңа шағын аудан болады. Кезекте тұрғандарға да баспана салып жатырмыз. Биыл көпбалалы отбасылар 120 пәтерлік үйге кіреді. Жетімдерге арнап салынып жатқан 120 пәтерлік үй тағы бар,-деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі 2026 жылға дейін өңірде 3,3 млн шаршы метр баспана беріліп, 144 мың азаматтың тұрғын үй жағдайы жақсаратынын тілге тиек етті.
Фото: ашық дереккөздерден