СҚО-да қантқа сұраныс күрт өсіп, сәйкесінше айлық тұтыну көрсеткіші де 82-ден 100 тоннаға дейін жетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы күн сайын дүкен сөрелеріне 3 тонна қант таратылатынын хабарлады. Сауда нүктелеріне аптасына үш рет қант жеткізіліп отырады.
— Бөлшек сауда желісіндегі қанттың бағасы жеткізушілердің сату құны негізінде қалыптасады. Облыста екі негізгі көтерме сауда кәсіпорны жұмыс істейді. Тұрақтандыру қорынан өткен жылы сатып алынған қанттың 1 келісі 350 теңгеден сатылады. Бүгінде қорда 293 тонна қант бар. «Радуга» ЖШС аудан тұрғындарын қамтамасыз ету үшін Азық-түлік корпорациясынан қант сатып алып, 495 теңгеден саудаға шығарады. Қант бағасын тұрақтандыру үшін сәуір айында «Солтүстік» ӘКК Азық-түлік корпорациясы арқылы 136 тонна қант сатып алды. Маусым айында «Тараз қант зауыты» ЖШС — мен 816 тоннаға және «Көксу қант зауыты» ЖШС — мен 204 тоннаға келісім-шарт жасасты, — деп түсіндірді басқарма өкілдері.
Алайда, мұнша қант біздің өңір үшін жеткіліксіз.
— Ресейдің экспортқа енгізген шектеулеріне байланысты елімізде өнімге деген сұраныс күрт өсті. Соңғы екі айда Тараз қант зауыты мен Көксу қант комбинаты қантының бағасы 430 теңгеден 450 теңгеге дейін қымбаттады, — деді басқарма өкілдері.
Фото: ашық дереккөздерден