Жыл басынан бері облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 170 тұрғын шағымданған. Олардың 30 пайызға жуығының онлайн сауданың қызметіне көңілі толмайды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ләзім Мияшеваның айтуынша, тұрғындар тарапынан келіп түсетін шағым саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстарғанда біршама көбейген.
– Талдау көрсеткендей, тұтынушылар көбіне әлеуметтік желілерде жарнамалары жер жарып тұрған тауарларға тапсырыс береді. Алайда, ақшасын төлеп, ол затты қолдарына алғаннан кейін тауар кейпі жарнамадағы түріне мүлдем сәйкес келмей жатады, — деді Ләзім Мияшева.
Департаментке Қазақстанның түрлі өңірінен азаматтар шағымданып жатады.
-Осыған байланысты сатушылар мен тұтынушыларда Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына сәйкес тауарды электрондық сауда арқылы өткізу кезінде тауардың атауы, тауарды сатып алу құны мен шарттары туралы ақпарат болуы тиіс. Сондай-ақ, сатып алушыларға тауардың негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы, өнімнің тағамдық, биологиялық және энергетикалық құндылығы туралы мәліметтер берілуі міндетті. Ақпараттың барлығы қазақ және орыс тілінде болуы тиіс,-дейді Ләзім Мияшева.
Фото: ашық дереккөздерден