СҚО-да ауыл тұрғынына діни материалдарды таратқаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ғабит Мүсірепов ауданының 39 жастағы тұрғыны WhatsApp мессенджерінде статусына бір ай бойы діни мазмұндағы материалдармен фотосуреттер орналастырып отырған. Ауыл тұрғынына қатысты әкімшілік материал жиналып, аудандық сотқа жіберілді.
Аудандық соттың қаулысымен азамат Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490-бабы 1-тармағы 3-тармағы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
— Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар арнайы айқындаған стационарлық үй-жайларда таратуға жол беріледі. Петропавлда осындай 15 арнайы орын бар, біреуі Айыртау ауданында, – деді СҚО ПД экстремизмге қарсы іс – қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаев.
Жыл басынан бері діни сипаттағы материалдарды таратқаны үшін тоғыз солтүстікқазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды.