СҚО-да шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 21 адам қайта қамауға алынды

Авторы: Qyzyljar News

Солтүстік Қазақстан облысында биыл шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 21 адам белгілі тәртіпті бұзғаны үшін қайтадан қамауға алынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Бүгінде солтүстікқазақстандық полицейлерінің есебінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 241 адам бар. Сот оларға: ішкі істер органдарының рұқсатынсыз елді мекеннен шықпау, үйде сағат 22.00-ден таңғы 06.00-ге дейін болу, ұдайы тіркеуге келіп тұру, спирттік ішімдіктерді және басқа да тыйым салынған заттарды қабылдамау туралы міндеттерді жүктеді. Белгіленген тәртіптердің сақталуын учаскелік полиция инспекторлары бақылайды. Ереже бұзғандар қайта түрмеге қайтарылады.

Мысалы, 31 жастағы петропавлдық 2019 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Бастапқы кезде ол тиісті ережеге бағынып жүрген, алайда кейін ішкілікке салынған. Учаскелік полиция инспекторы оның мас күйде жүргенін бірнеше рет тіркеген, алайда ескертулерді ер адам елемепті.

Осылайша, бір күні ащы судың буымен отбасында жанжал шығарған. Онымен бірге тұратын әйел полицияға арызданғанымен, кейін сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартыпты. Айта кетейік, ер адам ауыр дене жарақатын салғаны үшін сотталған. Учаскелік полиция инспекторлары шартты түрде мерзімінен бұрын босату режимін бұзу туралы материал жинастырып, сот шартты түрде мерзімінен бұрын босату режимінің күшін жою туралы ұсынымды қанағаттандырды. Көрсетілген сенімді ақтай білмеген қылмыскер қалған жазасын түрмеде өтемек.

-Шартты түрде мерзімінен бұрын босату талаптарын бұзудың ең жиі кездесетіні – түнгі уақытта үйде болмау, ішкі істер органдарына тіркелуге келмеу. Құқық бұзушылар табыс табу үшін рұқсатсыз уақытта көшеге шығуға тура келді деп өздерін ақтап жатады. Алайда, оқу оқып, жұмыс істеуге рұқсат бар. Ол үшін тек рұқсат алу қажет. СҚО-да жыл басынан учаскелік инспекторлар жинаған материалдардың негізінде шартты түрде мерзімінен бұрын босату режимін бұзған 21 құқық бұзушы бас бостандығынан айыру орнына қайтарылды, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінен

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz