26 маусым күні Айыртау ауданындағы Арықбалық ауылының маңында «Racer2» мотоциклінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай аударылған. 26 жастағы ауыл тұрғыны жедел жәрдем көлігімен аудандық ауруханаға жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңір тұрғыны спирттік ішімдік ішіп, масаң күйде рөлгеотырғанын мойындады. Сараптама тағайындалып, оның нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабына сәйкес жауапкершілік күтіп тұр. Баптың санкциясына сәйкес, масаң күйде көлік басқару үшін 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және көлік басқару құқығынан 7 жылға айыру көзделген.
– Жыл басынан облыста мотокөліктің қатысуымен 4 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 5 адам зардап шекті. Мотоцикл жүргізушілерін барынша сақ болуға шақырамыз. Мотошлемнің бауы бекітілген болуы тиіс, әрі міндетті түрде жарық құрылғыларын пайдалану керек, — деді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Жалпы акцияның төрт күнінде СҚО полицейлері мотоцикл жүргізушілерімен жасалған 16 жол-көлік оқиғасын анықтады. 183 жүргізуші белгіленген жылдамдықты асырған, 17-сі маневр жасау ережелерін бұзған.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінен