Биыл «Қазақстанның үздік тауары – 2022» облыстық байқауына өңірдің 30 шағын, орта және ірі бизнес субъектісі қатысты. Көрме-байқау облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы «Qyzyljar-Art» алаңында өтті. Ақтық мәреге 9 компания жолдама алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Табыс кілтін тапқан жандар өз тауарларын сөрелерге қойып, шаһар тұрғындары мен қонақтарына ұсынды. Қызылжарлықтардың бірі ауылдың иісі аңқыған қымыздан дәм татса, енді басқалары тоқымашылар мен ағаш ұсталарының еңбектерін жоғары бағалап, қажетті тауар түрін сатып алуға мүмкіндік алды.
– Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға арналған түрлі бағдарламалар қарастырылған. Жыл сайын өңіріміздің кәсіпкерлері гранттарға ие болып жатады. Сондай-ақ өз ісін ашам деушілерге жақсы жағдайлар жасалып, облыста шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі артып келеді. «Солтүстік Қазақстан жасалған» атты брендпен жергілікті тауар өндірушілердің өнімі шетелдерге де экспортталуда, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Исаев.
«Қазақстанның үздік тауары – 2022» республикалық көрме-байқаудың аймақтық кезеңінің қорытындысы бойынша «Үздік азық-түлік тауары» аталымында үшінші орын «Молсервис» ЖШС-не бұйырды. Ал екінші орынды «Сұлтан» элеватор-диірмен-макарон кешені» акционерлік қоғамы иеленді.
Ал жеңімпаз «Зенченко и К» командиттік серіктестігі деп танылды. Бұл компания сүт өнімдерінің 20-дан астам түрін өндіреді. Бүгіндері олар өнімдерін Нұр-Сұлтан, Көкшетау және Щучинск қалалары мен Ресейдің көрші облыстарына саудалауда.
– Біздің компания бірнеше жыл қатарынан республикалық байқауға қатысып келеді. Өкінішке қарай, бір рет те серіктестігіміз «Алтын сапа» сапа белгісін ұтып алған жоқ. Биыл бағымыз ашылатынына сенімдіміз, – деді «Зенченко и К» КС қызметкері Анастасия Ильясова.
Аймақтық кезеңдегі «Тұрғындар тұтынатын үздік тауар» аталымында «MATEX» компаниясы жеңіске жетті. «Sens Fashion» серіктестігі екінші орынды иеленсе, үшінші орын «Мектеп және балалар киімін тігу фабрикасы» серіктестігіне бұйырды.
Ал «Өндірістік мақсаттағы үзік тауар» санатында байқауда «Элтранс» серіктестігі қола жүлдегер атанды. «Soltustik Rubber Recycling» фирмасы күмісті місе тұтса, «Cool Infinity» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірінші орынға ие болды.
Биылғы өңірлік сында жеңіске жеткен бизнес субъектілер облыс намысын Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық деңгейде қорғамақ.