Пәтер ұрлықтарын жасады деген күдікпен Петропавлдың 33 жастағы тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Пысықай Панфилов көшесінің бойындағы тұрғын үйдің терезесін сындырып, ішке кіріп, алтын бұйымдар мен ақша ұрлап кеткен. Шығынның сомасы шамамен 900 мың теңгедей. Үй иелері заттарының ұрланғанын кешке үйлеріне келген соң анықтаған. Жедел іс-шаралар барысында полицейлер қылмыс жасады деген күдіктіні, бұрын ұрлық үшін сотталып, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылған Петропавл қаласының тұрғынын ұстады. Қазіргі уақытта ұсталған күдікті тергеу изоляторында.
Тергеу амалдары барысында петропавлдықтың ң тағы осындай жеті ұрлыққа қатысы бары анықталды. Жалпы келтірілген шығын сомасы үш миллион теңгеге жуықтайды.
-Ломбардтардың бірінен жеке меншік үйлерден ұрланған алтын бұйымдар алынды. Барлық ұрлықтар таңғы 9 бен 11 аралығында жасалған», — дейді Екінші полиция бөлімінің бастығы Талғат Смағұлов.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексі 188-бабының 3-бөлігі «Ұрлық» бойынша жүргізілген тергеу материалдары сотқа жіберілді.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінен