Зейнеткердің із-түссіз жоғалғаны туралы туыстары 12 шілде күні кешке Айыртау ауданының полиция бөліміне хабарлаған. Жасы келген қария кейде есін жоғалтып жүрген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Іздеу іс-шараларына полицейлерден бөлек, төтенше жағдайлар қызметінің аудандық бөлімінің қызметкерлері, орманшылар, әкімдіктің еріктілері және жергілікті тұрғындар – қызметтік және жеке көліктерімен жалпы 70-тен астам адам шыққан. Олар ауылды, жақын маңдағы ормандарды тексерген. Іздеу жұмысы түнде де жүргізілді. Келесі күні түске қарай іздеудегі бір топ жоғалған зейнеткерді тауып алды.
Аптап ыстықтан әлсіреген тұрғын ауылдан 4 шақырым жерден табылды.
-Іздеу іс-шараларына көмектескен барлық адамдарға алғыс білдіреміз. Кішкене кешіккен жағдайда соңы қайғылы аяқталуы мүмкін еді. Бейжай қарамайтын адамдардың қатысуы аумақты барынша ауқымды қамтуға және із-түссіз жоғалғанның жүрген жерін тез арада анықтауға мүмкіндік берді, — деді аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Марат Серкешев.