Солтүстікқазақстандық бишілер «Burabai Summer Festival» фестивалінен оралды. «Арабеск» үлгілі би ансамблі 17 би ұсынып, әрқайсысы бойынша жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі, petropavltv.kz-ке сілтеме жасап.
Фестивальге Қазақстанның сондай-ақ, Ресей Федерациясының хореография және вокал бойынша шығармашылық ұжымдары қатысты. Өңір намысын «Арабеск» би ансамблі абыроймен қорғап келді. Талантты жерлестеріміз «Burabai Summer Festival» кубогын жеңіп алды.
– Біздің басты мақсатымыз – көрерменнің көңілін көтеріп, жақсы әсер қалдыру. Фестивальде «Армагедон», «Матрица», «Месяц май», «Крэзи фрог» сынды билерді биледік. Әрқайсысына бар күш-жігерімізді салып дайындалдық, көрерменге ұнады деген ойдамыз, – дейді «Арабеск» үлгілі би ансамблінің көркемдік жетекшісі Татьяна Кравченко.
Шілде айының соңында би маусымы жабылады. Тамыз айында ансамбль мүшелері демалады, ал қыркүйекте «Арабеск» 20-шы мерейтойлық маусымды ашпақ ниетте.